Сүю теориясы
Қош айтысып, ренжісе де, кейін тағы достасып, Болмай ешбір өткенге ісі, Жұлдыз толы көктем кеші, Ай астында сыр ақтарып отыр, әне, қос ғашық. Көңілдерін бір мұң басқан, ерік бермей құмарға, Көмектеспес махаббат деп аталатын тұмар да, Айналдырған қатал тағдыр азапталар құралға, Ғашықтарды қайғы толы күндер күтіп тұр алда. Расыменен не болды екен, не болды екен бұларға?! Құтыла алмай жанын жеген қасіретті сорынан, Адасқандай шаттық толы қуаныштың жолынан. Кетіп ойдан саналы мән, Жасын сүртіп жанарынан, Қыз сөйледі ұстап тұрып жігітінің қолынан. – «Кешір мені,-» деп ол сөзін жыламсырай жалғады – «Білесің бе?! Шаршадым мен, түк амалым қалмады. Қатал тағдыр қаһарланып тағы мені алдады, Сен болмасаң жоқ екен ғой өмірімнің бар мәні. Сырқат екем, қос жанарым зағип болып қалады, Дәрігерлер айтты бүгін, ол асқынып барады. Ақ халатты абзал жандар маған сау көз іздеуде, Соны тапса, қуана бер, маған лезде салады. Сырқатымның дәрігерлер таппаса егер бір емін, Қара түнек қараңғыда қалай өмір сүремін?! Қара таяқ бола ма енді жалғандағы тірегім?! Сен де мені ұмытасың. Білем оны, білемін.» Жігіт сөзін күтпей қыз да өз үйіне беттеді, Сүйгені әлі отыр анда оны қуып жетпеді. Тал түбінде жігіт әлі отыр мұз бар бойында, Сырқат қызы тастап кету бар ма бәлкім ойында... Өтті күндер. Қызға көзін берер адам табылды, Қуанғаннан оның жасы өзендей боп ағылды. Қарайламай қасіретті өткеніне, артына, Қыз жанары дереу келді дәл бұрынғы қалпына. Қайғы-мұңдар келместей боп бітуге де таяды, Құрып кетсін соқырлықтың түкке тұрмас таяғы. Енді қыздың санасына бір қызық ой саяды: Көрсетпек боп бар сырқаты жазылғанын бойдағы, Іздеді ол сол жігітті тастап кеткен баяғы. Көңілінде сағыныштың оты жанып, торлады, Еш жауабы жазылмаған он шақты хат жолдады. Ізденіспен жүрген уақыт жалықтыра бастады, Сөйтіп бикеш бір күндері сүйіп қалды басқаны. Жаңа сезім бал дәміне буланды да, тұнықты, Махаббаттың бар екенін осы кезде шын ұқты. Тал бойына баурай барып, Сезім оты лаулай жанып, Ойланбастан іздеп жүрген жігітін де ұмытты. Серік қылып жүрген күнде қуаныш һәм күлкіні, Төрт бұрыштап бүктетілген хат келді оған бір күні. Көзге ілмей жауып тұрған нөсері мен аспанды, Хатты оқып қыздың жаңа жанарынан жас тамды. Өкініштен қыздың бойы суықтанды, жылынды, Қолындағы хатты жазған жігіті екен бұрынғы. Дей алмаймын жігіт өзін мақтады не даттады, Жеткізейін оның сөзін баяндалған хаттағы: «Сәлем, жаным! Амансың ба?! Халің қалай, аппағым?! Сені ойламай жайбарақат бір түнде де жатпадым. Екеуімізге тән сезімді мен әлі де сатпадым, Өміріңнен жоғалсам да, саған қарсы оқ атпадым. Орынды ғой мені, әрине, қарғап, кінә таққаның. Егер хатты өз көзіңмен оқып жатсаң, қуанам, Көре аласың деген сөз ғой ақ таңның да атқанын. Өміріңнен, көңіліңнен неге сенің жоғалдым?! Деп сұрасаң жауап берем: мен биікке қона алдым. Мен сен үшін, бәлкім, тозған жәй шүберек болармын, Бірақ... бірақ кеудеңдегі жүрегің боп соғармын. Көңіліме қатты алдым да сол түні айтқан сөзіңді, Қорқақтықты артқа тастап, алға қойып төзімді, Әсем, сұлу бақтарды да, Қалың, ұлпа ақ қарды да, Нұр шырайлы ақ таңды да, Көре алсын деп саған бердім өзімнің сау көзімді. Қар жауғанын, таң атқанын түсірмей-ақ сені еске, Мен көре алып, сен көрмесең – бұл сатқындық емес пе?! Тек сен тапшы бұл өмірдің баға жетпес алтынын, Өміріңнің тұрақталар алды – шаттық, арты – мұң. Құлай сүю мәңгі бірге болу емес, Меніңше, Сүйгенінің бақытына себеп болу, жарқыным. Сендік жанар мұңға толмай, шаттық жолын өңдесе, Қасірет пен қайғы атауы сезіміңді жеңбесе, Сені құлай сүйгенімді дәлелдедім ендеше.» Есет Төлеш
| |
Просмотров: 786 | |