Приветствую Вас, Гость! Регистрация RSS

Турецкие Стихи

Воскресенье, 09.02.2025

«Соңғы хат»
Саған арнап «соңғы хат» жазудамын,
Түнге мәлім сырларым, сенесің бе?
Тек өзіңе арналған соңғы өлеңім,
Тағы міне арналды-ау елесіңе...

Түнге айтамын мұңымды сен естір деп,
Жұлдыздардан жолдаймын сәлемімді..
Айдан жолдап хатымды жіберермін,
Бір мұңайтып қайтсын деп әлеміңді...

Тағы да түн дертімді қоздыруда,
Хат жаза алмай отырмын құрып хәлім...
Көз алдымда сағым боп бара жатыр,
Қолын бұлғап, әдемі қылықтарың...

Есіңде ме, екеуміз танысқан күн?
Көзімізбен, көзіміз түйіскен сәт...
Тәтті мұңға айналып кетті-ау, әттең,
Біз екеуміз ең алғаш сүйіскен сәт..

Түсін мені, жүрегің бар болса егер,
Жырларымды жазбаймын саған енді..
Ал өлең ше? Бұл саған соңғы өлеңім,
Жырларымның нүктесі шығар енді?!

Саған енді жазбаймын қаралы жыр,
Жоқтамаймын сені іздеп өткенімнен...
Білесің бе, мен жалғыз өтіп кеткем,
Сезім дейтін тозақтың өткелінен....

Саған енді тумайды азалы әуен,
Азаптамас жанымды таңдар келіп..
Бір кездерде сыймаған арнасына,
Мендік сезім, өзіңе, қалды-ау семіп..

Басқа ақын жырлай берсін сен жайлы,
Музасына айнал мейлі басқаның...
Біз кездескен, күзді күрең, түнді де,
Жүрегімнен мәңгі өшіріп тастадым..

Саған енді жазбаймын жылаңқы өлең,
Мұзға айналған жүрегің жібінсін деп..
Азан-қазан боп жатқан жүрегімді,
Жұбатып-ақ алармын күлімсіреп...

Қуанышым деп едім, дертім болдың,
Маңдайыма қайғы боп жазылдың да...
Сен кездейсоқ кездесіп қалдың маған,
Көрім болып алдымнан қазылдың да...

Тұңғиыққа сен солай тастап кеттің,
Тасқа байлап бөленген бесігімді..
Жырларымның сен едің кейіпкері,
Енді өлеңге қоспаймын есіміңді..

Саған жазған хатымның соңғысы бұл,
Соңғысы бұл және де жырларымның..
Сені өшіріп жүректен тастасам да,
Сейілмеуін қарашы мұңдарымның....
 
Өміржанов Дархан 
Категория: Казахские стихи (Казакша олендер, акындар) (01.01.2014)
Просмотров: 1143 | Рейтинг: 0.0/0