Қыз сыры
Жыр жазып ем, сырлы әуенге болып ғашық, Естілмеді, болғандай-ау, ара қашық. Махаббаттың бар мұңына батып бір-ақ, Шыққандаймын Ақ Жайықтан селдей тасып. Махаббаттың уын ішіп, зарын жұтып, Алай-дүлей күйге оранды жүрек бұлқып. Сырласыма айналушы еді кешкі түндер, Жаралы ойдан әуен тыңдап, күйге былқып. Таудан аққан сылдыр бұлақ таза судай. Суретіңе көп қарадым, көзім тоймай. Сыңары жоқ секілдімін жаралы аққу, Жүзген Каспий теңізінде олай-бұлай. Жанбас, бәлкім, армандарым қиялдаған. Сезім, бірақ, жан кеудеме сыя алмаған. Теңіздейін тербеліп, толқысам да, Жүрек, шіркін, жүрегімді жиі алдаған. Махаббатым орта жолда оққа ұшқан, Лаулап жанып, сезім кетті отты құшқан. Түсінгісі келмейтіндер көп-ау мені, Жалғыздығым жан-жағымнан қатты қысқан. Нәзік жаным сені көрсе тағат таппай, Менде қалған жүріп келем сырды сақтай. Өкпелетіп, көп ренжітсем, кешір мені, Сағынғаннан басқа амал жоқ сені сырттай. Кеш батқанмен кара түнек, қап-қара боп, Ілесінше таң атпай ма аппақ болып? Дәл осылай болады деп үміттенем, Өмірімнің алдыңғысын оймен шолып. Сенің қысқан саусақтарым бақытты, Тағы қайта саған карай асықты. Тәтті ғұмыр, қамсыз көңіл, шіркін-ай! Сен жанымда жүрсең өмір Жұмақ-ты. Жүрегім бар атың мәңгі сақталған, Қорғай гөрші, қорғай жүрші, я, Аллам! Ғарыштарға жолдап ұзақ айттым сәлем, Бірақ, жаным, оны саған айтпаған. Өмір мәнін, оның сырын тез ұқтым, Кездескелі сені, жаным, ұнаттым. Іздеп жүрген айналамнан, таныстан, Жүрек кілтін сенен таптым, ардақтым. Елегізіп ой-санамнан жырақтадым. Қайтем бірақ, ешбір жанды ұнатпадым. Жек көргім-ақ келеді сені, қалқам, Бірақ, бірақ, жүрегімді жылатпадым. "Бірақ" деген бір сөз ғой мені кұртқан, Ұмытуды білмейтін амал жоқтан. Амалымның жоғы да сен ғой өзің, Көз алдымда болмасаң да алабұртқан. Тапсам-дағы сен сияқты ізгі ерді, Бірақ, олар баса алмайды мұңды, шөлді. Махаббаттың ақ киесін қорғаймын деп, Байғұс мына жүрегім не кормеді? Алла сені маған тең жаратқан ба? Әлде, жаным, сені өзгеге қаратқан ба? "Бүгін сені көрейінші" деген тілек Әр таң сайын қайталанар, атқан таңда. Мұнша ғасыр қайда кеттің жоғалып? Ішкі сырың кеткен бе әлде тоналып? Тым ерекше ұнайсың ғой, асылым, Сені сүйгем жүрегімді қолға алып. Жүктегендей бар мұңдарды мойныма, Солған гүлдер толтырыпсың қойныма. Кінә артпағын, жаным-ау, сол кездерге, Кедергілер көп тұрған тік жолыма. Хұсни Еркінқызы VIII. 2о12 ж.
| |
Просмотров: 1015 | |