Тайыр ЖОМАРТБАЕВ - Жетім бала мен рақымды кемпір
Жетім баланың мұңы: Ай қараңғы, күн батты, Жылы орнына ел жатты. Ата-анам жоқ мен сорлы Паналаймын қай жақты? Түнерген суық күзгі түн, Ұзақ жылдай қысқа күн. Мың дауыспен жылаған Кімге естілер біздің үн? Жылы сөзге болдым зар, Маңдайымнан кім сипар. Ата-анасыз балаға Кең дүние де болар тар. Жоқ болса туған анасы, Болсаң өзің өте жас, Мүшкіл сонда басыңа, Суынған жүрек бейне тас. Рақымды кемпір: Бір кемпір естіп білді жетім мұңын, Аяды: «Жылама, – деп, – байғұс ұлым, Мұңайма, қайғы-бұлтың тарқайды әлі, Шуағын төгер ертең алтын күнің», Үйіне ертіп келіп, берді тамақ, Кірін жуып, жыртылған үстін жамап: «Боласың есейгенше тәрбиемде, Ерте тұр, мектепке бар, оқы сабақ!» Сабаққа жетім бала даярлайды, Талабы оңғарылып, бағы жанды. Оқыды ыңыласпен күні-түні, Білімге шөлдеп жүріп, сусынданды. Баланың атасы өлген бір жасында, Кемпірдің өнер тапты арқасында. Адам болды беделді, ғылым біліп, Кемшілік жері болмай бір басында.
| |
Просмотров: 1320 | |