Приветствую Вас, Гость! Регистрация RSS

Турецкие Стихи

Пятница, 25.07.2025

Үшіншінің сөзі
(Сүйгенімнің сүйгеніне)
Кінәлі кім бұған?
Жазықты кім бұған?
Үмітім өшті де, торлады мың күмән.
Мың күнәм бар ма еді, жоқ әлде одан көп?...
Жауабын несіне сұрайсың жындыдан!

Өзім ғой айыпты, білемін, бәріне,
Қалғанмын ұшырап махаббат «кәріне».
Сол күні мен оны ең алғаш көріп ем,
Сол көктем жанымды өртейді әлі де.

Бірақ та Баяным емес тек ол менің,
Қозысы өзіңсің, жүрегін тербедің.
Мен бүгін қатыгез Қодар боп күн кешем,
Сезімге шөлдедім!

Жібек қыз! Оған тән тектілік, наз қылық.
(Санамды барады сайтандар азғырып.)
Дәл мендей күй кешкен екен ғой Бекежан,
Мен оны жүріппін бекерге жазғырып.

Бақыттан едім ғой мен де бір үміткер.
Сырыңды сен менен ендігі бүгіп көр!
Мен сені шақырсам, дайын боп, бауырым,
Беліңді буынып, жеңіңді түріп кел.

Бір сұлу.
Қос ғашық.
Қызғаныш... Қу елде
табылмас бұдан зор ішетін у ерге.
Пушкинді мерт қылған қайда әлгі тапанша?
Бері әкел, мен сені шақырам дуельге!!!
Категория: Казахские стихи (Казакша олендер, акындар) (20.10.2013)
Просмотров: 700 | Рейтинг: 0.0/0